Петропавлда 25 жас заңнама бойынша білімін сынады

Петропавлда «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында жастарға арналған кезекті интерактивті іс-шара өтті. Құқықтық марафонға 25 жас немесе 4 команда қатысып, Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша білімдерін сынады, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Іс-шараны СҚО жастар ресурстық орталығы мамандандырылған күзет қызметі басқармасымен бірлесіп ұйымдастырды.
«Жастарға арналған «Заңның 24 сағаты» құқықтық марафонын өткізудегі мақсат – практикалық тапсырмалар мен рөлдік сценарийлер арқылы заңның шынайы өмірде қалай жұмыс істейтінін көрсету және жастарды күрделі жағдайларда негізделген құқықтық шешімдер қабылдауға үйрету», – деді СҚО ЖРО жетекшісі Анастасия Волкова.

Іс-шара барысында қатысушыларға 4 тақырыптық станция ұсынылды. Олардың қатарында камуфляж киімін уақытқа кию, сондай-ақ қатысушылар судья, айыптаушы, қорғаушы, куәгер, жәбірленуші және сарапшы рөлдерін сомдаған «5 минуттағы сот» станциясы болды. Ал қорытынды кезеңде қатысушылар ақпараттық плакат дайындауға арналған «Заң кадрда» тапсырмасын орындады.
Интерактивке қатысушылардың бірі – Дияра Гүлмятова. Ол мұндай марафондарға алғаш рет қатысып отырған жоқ. Оның айтуынша, осындай іс-шаралар жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға ықпал етеді.

«Мен «Альянс» командасының құрамындамын, біз төрт адамбыз. Қазір барлық қатысушылар арасында көш бастап келеміз. Барлығы ұнады. Бірінші кезеңде сәл қиын болды, өйткені онда жылдамдықпен қатар физикалық қабілеттерімізді де көрсетуге тура келді», – деді қатысушы.
Соңында командалар дипломдармен марапатталып, қатысқаны үшін сыйлықтар табысталды. Мұндай интерактивті шаралар жастардың сыни ойлау қабілетін, жауапкершілігін, азаматтарға деген құрметін қалыптастырып, командамен жұмыс істеуге және құқықтық тәуекелдерді анықтауға үйретеді.

