Петропавловск
+21°C
Главная страница » Заң және тәртіп » Петропавлда полицейлер бейнебақылау камералары арқылы жоғалып кеткен 89 жастағы зейнеткерді тапты

Петропавлда полицейлер бейнебақылау камералары арқылы жоғалып кеткен 89 жастағы зейнеткерді тапты

August 25, 2026 10:00

Петропавлда патрульдік полиция қызметкерлерінің жедел әрекеті мен Жедел басқару орталығының мүмкіндіктерінің арқасында адасып кеткен 89 жастағы қала тұрғыны үйіне аман-есен жеткізілді. Қарт кісі көру қабілетінің нашарлауына байланысты жолынан жаңылып қалған, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Оқиға қаладағы дүкендердің бірінің маңында болған. Қала тұрғыны дүкенге сауда жасауға кіріп кеткен. Сыртқа шыққан кезде егде жастағы күйеуінің жоғалып кеткенін байқайды. Жағдайды зейнеткердің өзімен бірге ұялы телефоны болмағаны қиындата түскен.

Шақырту орнына келген Петропавл қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны ротасының командирі, полиция капитаны Қуаныш Сүлейменов алаңдаған әйелмен бірге алдымен жақын маңдағы көшелер мен аулаларды қарап шыққан. Іздеу нәтижесіз болған соң, офицер дүкен иесінен бейнебақылау камераларының жазбаларын беруді сұраған.

Бейнежазбаны қарау барысында жағдай анықталды. Зейнеткердің көру қабілеті нашар болған. Ол киімі әйелінің киіміне ұқсайтын өтіп бара жатқан әйелді көріп, соның соңынан ерген. Соның салдарынан бағытынан жаңылып, қай жерде жүргенін бағдарлай алмай қалған.

Қарт кісінің нақты белгілері, жүрген уақыты мен бастапқы бағыты анықталғаннан кейін Қуаныш Сүлейменов мәліметтерді дереу Жедел басқару орталығына (ЖБО) жолдады. Бейнебақылау инспекторлары қалалық камералар арқылы зейнеткердің қозғалыс бағытын бақылауға алды. Көп ұзамай қарт кісі Жамбыл көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінің кіреберісінен табылды.

Полиция капитаны Сүлейменов көрсетілген мекенжайға өзі барып, егде жастағы ер адамды алып шықты. Зейнеткер жұбайымен бірге үйіне аман-есен жеткізілді.

Shares