Петропавловск
+21°C
Главная страница » Заң және тәртіп » Жасанды интеллект және жағдайларды талдау: СҚО студенттері құқықтық нормаларды қалай меңгеруде

Жасанды интеллект және жағдайларды талдау: СҚО студенттері құқықтық нормаларды қалай меңгеруде

September 9, 2026 17:31

М. Жұмабаев атындағы жоғары колледжде «Заң және тәртіп» аясында «Құқықтық компас» атты зияткерлік ойын өтті. Оған бірінші курсқа жаңадан қабылданған 70-ке жуық студент қатысып, құқық саласындағы білімдерін тексеріп, өмірлік жағдайларды талдау барысында алған білімдерін іс жүзінде қолданды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Қатысушылар үш командаға бөлінді. Әр командаға құқықтық тәртіп мәселелеріне қатысты жағдаяттық кейс ұсынылды. Студенттер ықтимал тәуекелдер мен құқықтық салдарды анықтап, әрекет ету жолдарын талқылап, мәселені шешудің ең тиімді әрі конструктивті нұсқасын таңдауы қажет болды.

Ойынның ерекшелігі – жасанды интеллект құралдарының қолданылуы. Кейс талдаудан кейін жастар қатарластарына пайдалы болуы мүмкін ақпараттық материалдар – жадынамалар, буклеттер, карточкалар мен инфографикалар әзірледі.

«Жастардың заң нормаларын жай ғана жаттап қана қоймай, алған білімдерін нақты өмірлік жағдайларда қолдануды үйренуі біз үшін маңызды. Мұндай формат жағдайды өз бетінше талдауға, өз ұстанымын дәлелдеуге, қабылданған шешімдердің салдарын түсінуге және мәселеден заң аясында шығудың жолын іздеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жасанды интеллект қатысушылар үшін түсінікті әрі пайдалы материалдар әзірлеуге көмектесетін қосымша құралға айналып отыр», – деп атап өтті СҚО ЖРО басшысы Анастасия Волкова.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар жастардың құқықтық сауаттылығын, сыни ойлау қабілетін және қауіпсіздік мәселелеріне жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар қатысушылар құқықтық мәселелерді ашық талқылап, топпен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік алады.

Shares