Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы СҚО-да 300-ден астам ақауы бар жол белгісін анықтады

Солтүстік Қазақстан облысында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы жол инфрақұрылымының жай-күйін бақылау жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
ҚР Көлік министрлігінің тапсырмасы аясында «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» филиалының мамандары автожол учаскелеріне инспекциялық тексерулер жүргізіп, жол белгілерінің жағдайына ерекше назар аударуда. СҚО бойынша филиалдың мәліметінше, тексеру барысында мамандар жол белгілерінің нормативтік-техникалық құжаттама талаптарына сәйкестігін, дұрыс орнатылуын, көріну деңгейін, техникалық жағдайын және жарық шағылыстыратын элементтердің болуын тексерді.
«15 820 жол белгісі тексерілді. Тексеру нәтижесінде белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін 305 жол белгісі анықталды. Негізгі кемшіліктер қатарында жарық шағылыстыратын қабықшаның болмауы немесе зақымдануы, белгілердің дұрыс орналастырылмауы, тік орналасу қалпынан ауытқуы, тіректер мен бекіту элементтерінің коррозияға ұшырауы, беткі қабаттың механикалық зақымдануы, сондай-ақ жол қозғалысына қатысушылардың ақпаратты қабылдауын қиындататын өзге де ақаулар бар. Бұдан бөлек, жарық шағылыстыру қасиеті жеткіліксіз жол белгілері де тіркелді, бұл олардың қараңғы уақытта көрінуін төмендетеді», – деп хабарлады филиал өкілдері.
Анықталған барлық заңбұзушылықтар туралы мәліметтер қажетті шараларды қабылдау және кемшіліктерді жою үшін жауапты ұйымдарға жолданды.
Мекеме өкілдерінің айтуынша, тұрақты түрде жүргізілетін инспекциялық тексерулер жол инфрақұрылымы нысандарын күтіп ұстаудағы мәселелерді дер кезінде анықтауға, олардың белгіленген стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етуге және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
СҚО-дағы автомобиль жолдары мен жол инфрақұрылымы элементтерінің жай-күйін мониторингтеу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатын болады.
