Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » 2025 жылдың басынан бері 25 мыңнан астам қазақстандық «Бейне ХҚКО» сервисін пайдаланған

2025 жылдың басынан бері 25 мыңнан астам қазақстандық «Бейне ХҚКО» сервисін пайдаланған

July 2, 2025 15:38

2025 жылдың басынан бері «Бейне ХҚКО» сервисі 25 676 рет қолданылған. Бұл көрсеткіш оның қашықтан мемлекеттік қызметтерді алуға арналған ең сұранысқа ие цифрлық арналардың бірі екенін растайды, деп хабарлайды QZ News «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сервис шалғай елді мекендерде немесе шетелде тұратын азаматтарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, сондай-ақ жұмысбастылық немесе отбасылық жағдайларға байланысты ХҚКО-ға жеке бара алмайтын адамдарға ыңғайлы болу үшін әзірленген.

«Бейне ХҚКО» арқылы ең жиі алынатын қызметтер қатарында:

  • ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба) беру және қайтарып алу
  • Бала туу және оған күтім жасау бойынша жәрдемақы тағайындау
  • Көпбалалы отбасылар мен мүгедектігі бар азаматтарға жәрдемақылар
  • Соттылықтың бар немесе жоқтығы туралы анықтама алу
  • Мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік қызметтер мен түрлі көмектер рәсімдеу

«Бейне ХҚКО» сервисін пайдалану өте оңай:

1.⁠ ⁠«ХҚКО» мобильді қосымшасын орнатыңыз (Google Play және App Store-да қолжетімді).

2.⁠ ⁠Қосымшада авторизациядан өтіңіз.

3.⁠ ⁠Бейнебайланыс бөлімін таңдап, операторға қосылыңыз.

Бейне қоңырау барысында ХҚКО қызметкері кеңес беріп, өтінішті толтыруға көмектеседі және қажет құжаттарды чат арқылы қабылдайды. Егер қызмет ақылы болса, төлемді банк қосымшасы арқылы онлайн жасауға болады. Қызметтің дайын нәтижесін бейне қоңырау кезінде немесе кез келген ХҚКО-дан алуға болады.

Shares