Айыртау ауданында қаржы маманы 40 миллион теңгеге жуық қаржы жымқырғаны үшін сотталды

Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы Айыртау аудандық білім бөлімі бухгалтеріне қатысты сот үкімін хабарлады. Ол бюджет қаржысын ірі көлемде жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды, деп жазады QZ NEWS.
Тексеру барысында 2021 жылдың қаңтарынан 2024 жылдың сәуіріне дейін бухгалтер білім беру мекемелері қызметкерлеріне арналған еңбекақы қаражаттарын жүйелі түрде өз пайдасына аударып отырғаны анықталды. Жымқырылған сома – 39,8 миллион теңгені құрайды.
«Аудан прокуратурасы мүлікті иемдену немесе ысырап ету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. 2025 жылғы 28 наурыздағы сот үкімімен бухгалтер 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, оған 7 жыл мерзімге материалдық жауапкершілігі бар лауазымдарды атқаруға тыйым салынды», – делінген хабарламада.
Мемлекетке келтірілген залал толық көлемде өтелді. Бұдан бөлек, жол берілген заңбұзушылықтар үшін Айыртау аудандық білім бөлімінің басшысы қызметінен босатылды.
