«Біз неге өзгенің қоқысына ақша төлейміз?»: Петропавлда тұрғындарды абаттандыруға жауапкершілікпен қарауға шақырды

Петропавлда қоқыс жәшіктерінің жанындағы алаңдардың ескі жиһаз бен құрылыс қалдықтарына толуы әлі күнге дейін өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Петропавл қаласы ПБ ЖПҚ бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Айдын Ахмагамбетовтің айтуынша, бүгінгі күні абаттандыру ережелерін сақтау мәселесі ең өзекті тақырыптардың бірі, деп хабарлайды QZ NEWS.
Мәселен, құрылыс қалдықтарын тастағаны үшін Кәрім Сүтішев көшесіндегі үйлердің бірінің тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал үйдің мүлік иелері бірлестігінің төрағасы Виталий Волков бұл проблеманы тек айыппұлмен шешу мүмкін емес екенін, адамдардың өз ыңғайлылығын ғана ойламай, ортақ мүддені де ескеруі қажет екенін атап өтті.

«Біз қоқысты үйді күтіп-ұстауға жұмсалатын қаржы есебінен шығарамыз, – дейді ол. – Бұл қаржы ережені бұзбайтын адамдардың да ақшасы. Олар неге ірі габаритті қоқысты заңсыз тастағандардың орнын толтыруы керек?»
Айдын Ахмагамбетовтің айтуынша, абаттандыру мәселесі тек коммуналдық қызметтердің, учаскелік инспектордың немесе ПИК-тің ғана емес, ең алдымен тұрғындардың өздерінің жауапкершілігі.

«Естеріңізге саламыз: контейнер алаңына ірі габаритті қоқыс пен жиһаз қалдықтарын жинау – абаттандыру ережелерін бұзу болып саналады. «Заң мен Тәртіп» қағидатын жүзеге асыру күнделікті тұрмыстық әрекеттерден, өз мінез-құлқыңа жауапкершілікпен қараудан және айналаңа құрметпен қараудан басталады», – деп атап өтті Ахмагамбетов.

Жалпы жыл басынан бері Петропавлда полицейлер абаттандыру ережелерін бұзу фактілері бойынша 4800-ден астам хаттама толтырған.
