«Эко IQ: Таза Қазақстан» акциясы: СҚО студенттері экологияның өзекті мәселелерін талқылады

Петропавлдағы Б. Әшімов атындағы машина жасау және көлік колледжінде «Эко IQ: Таза Қазақстан» интеллектуалды ойыны өтті. Шара барысында студенттер экологиялық сауаттылықтары мен Қазақстандағы экологиялық жағдай туралы білімдерін сынға салды, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Жастар бастамалары бөлімінің қызметкерлері студенттерге экология тақырыбында сұрақтар мен тапсырмалар әзірледі. Акцияға шамамен 40 қатысушы қатысты. Олардың алдында ойларын нақты жеткізу және сұрақтарға жылдам жауап беру міндеті тұрды.

«Интеллектуалды ойындарды өткізу идеясы жастар арасында экологиялық сауаттылықты арттыру бастамамыздың бір бөлігі ретінде туындады. Біздің мақсатымыз – студенттерге тек білім беру ғана емес, сонымен қатар сыни ойлау мен командалық жұмысты дамыту. Сондықтан біз ойын форматы экологиялық өзекті мәселелерді, мысалы, қоқысты сұрыптау мен биоалуантүрлілікті сақтау тақырыптарын талқылауға тамаша алаң болады деп шештік», – деді іс-шараның ұйымдастырушысы, «Birgemiz» еріктілер фронт-офисінің үйлестірушісі Алмагүл Ғаббас.

Өңірде мұндай экологиялық акциялар дәстүрге айналған. Көп жағдайда олар жастарға арналып өткізіледі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар студенттердің экологиялық санасын қалыптастырады және табиғатқа ұқыпты қарауға тәрбиелейді.
«Бар болғаны бір сағат ішінде қаншама қызықты мәлімет білуге болатынына таң қалдым. Ойын барысында біз тек жарысып қана қоймай, өз пікірімізбен бөлісіп, қаламыздағы экологиялық жағдайды жақсарту бойынша идеялар ұсындық. Бұл ойын мен үшін тек қызықты тәжірибе ғана емес, маңызды іске өз үлесімді қосуға мүмкіндік болды», – деді Б. Әшімов атындағы Петропавл көлік және машина жасау колледжінің студенті Евгения Губская.

