Ғауез Нұрмұхамбетов пен «Даму» қорының басшысы Фархат Сәрсекеев СҚО аудандарындағы бизнесті қолдау мәселелерін талқылады

СҚО-да шағын және орта бизнесті қолдау мүмкіндіктері кеңейтілуде. Кәсіпкерлерді қаржыландыру, консультациялық қолдау көрсету және аудандардағы мемлекеттік қолдау құралдарының қолжетімділігі мәселелерін СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеев талқылады, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Негізгі бағыттардың бірі – қаржыландыру көлемін арттыру. 2026 жылы Бірыңғай кешенді бағдарлама аясында жергілікті бюджеттен қарастырылған қаражат көлемі 2,8 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар «Іскер аймақ» бағдарламасы бойынша 1,3 млрд теңге бөлінді. Қазіргі уақытта жалпы сомасы 1 млрд теңгеден асатын 23 жоба мақұлданды.
Өңірдің «Даму» қорымен ынтымақтастығы басталғалы бері мемлекеттік қолдауды 8,5 мың кәсіпкерлік жоба алды. Жалпы несие портфелінің көлемі 761 млрд теңгеден асты.
Кездесуде ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікке де ерекше назар аударылды. Қордың мобильді фронт-офисі облыстың барлық аудандарын аралап, кәсіпкерлерге тікелей елді мекендерде кеңес беруді жалғастыруда. Бұдан бөлек, өңірде «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін Бизнесті қолдау және сүйемелдеу орталығының пилоттық жобасы жүзеге асырылуда.
«Біздің міндетіміз – мемлекеттік қолдау шараларын Петропавл қаласының кәсіпкерлеріне ғана емес, аудандар мен ауылдардағы бизнес өкілдеріне де барынша қолжетімді ету. Жергілікті тұрғындар қажетті консультацияларды алып, жобаларды дайындауда көмекке және қаржылық құралдарға артық кедергісіз қол жеткізе алуы маңызды», – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Қосымша мүмкіндіктерді цифрлық құралдар арқылы да дамыту жоспарланып отыр. Мемлекет басшысының цифрландыру жөніндегі тапсырмаларына сәйкес, аудандық креативті IT-орталықтарды кәсіпкерлермен өзара байланыс орнататын алаң ретінде пайдалану көзделуде. Мұнда бизнес өкілдері консультация алып, цифрлық сервистерді пайдаланып, қолданыстағы мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат ала алады.
Мұндай тәсіл қолдау инфрақұрылымын кәсіпкерлерге барынша жақындатып, облыс аудандарында жобаларды іске қосу мен дамыту үдерісін жеңілдетуге бағытталған.
