Копай шағынауданында жыл соңына дейін 6 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі

Копай шағынауданында ескі және апатты үйлердің орнына заманауи көпқабатты тұрғын үйлер салынуда. СҚО әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жобаны іске асырудың бастапқы кезеңдерінде бірқатар қиындықтар туындаған — соның ішінде ескі үйлерді сүрудің кешігуі, мерзімдердің шегерілуі және инженерлік желілер бойынша кейбір мердігерлердің сапасыз жұмысы. Соның салдарынан тұрғын үй кезегінде тұрғандар үш жылдан астам уақыт бойы пәтер күтті, деп хабарлайды QZ NEWS.
Қазіргі уақытта барлық жұмыстар жоспарға сай жүргізілуде. Биылғы жылдың қазан айының соңында жаңа тұрғын ауданындағы алғашқы үй болашақ қоныстанушыларға табысталмақ. Қазір аумақты абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын.

«Құрылыстар облигациялық қаржыландыру есебінен жүргізілуде. Пәтерлер «Отбасы банк» АҚ арқылы сатылады, бөлініс келесідей болады: 70 пайызы – әлеуметтік осал топтарға, оның ішінде 20 пайызы – жетім балаларға, ал 30 пайызы – тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға берілмек», – делінген әкімдік хабарламасында.
Жыл соңына дейін Копай шағынауданында алты көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі, сондай-ақ бірнеше әлеуметтік нысанның құрылысы да жоспарланған.

Бұдан бөлек, қаланың қарқынды дамып келе жатқан басқа ауданы – Жас Өркенде 280 орындық жаңа балабақшаның құрылысы аяқталуға жақын. Бұл балабақшаның ашылуы жүздеген балаға білім алуға мүмкіндік беріп, ауданның әлеуметтік инфрақұрылымының маңызды бөлігіне айналмақ.

