Kozybayev University жаңа студенттер жатақханасы пайдалануға берілді
2024 жылдың қыркүйек айында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Гауез Нұрмұхамбетов және Аризона университетінің өкілдерінің қатысуымен Kozybayev University-де жаңа студенттер мен оқытушылар үшін жайлы жатақхананың салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды QZ News.
Жаңа жатақханаға алғаш қоныстанғандардың қатарында Foundation факультетінің студенттері бар — олар Монғолия, Өзбекстан, Қытай, Иран елдерінен келген жастар. Студенттер өздерінің эмоцияларын жасырып қалмай, мұнда тұруға өте қуанышты екенін айтады.
Әлеуметтік қолдау ретінде қандастарға тұру ақысынан 50% жеңілдік ұсынылды. Университет барлық студенттер үшін қолайлы жағдайлар жасауға тырысады.
«Студенттер үйі 156 орынға арналған және халықаралық бағдарламалар бойынша оқытушыларға арналған 25 пәтерден тұрады. Барлық бөлмелер заманауи жиһазбен және студенттердің жайлы тұруы үшін қажетті тұрмыстық техникалармен жабдықталған», – деп хабарлады университеттің баспасөз қызметі.