Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавл әкімі: «2025 жылға тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары — 209,6 мың шаршы метр»

Петропавл әкімі: «2025 жылға тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары — 209,6 мың шаршы метр»

June 30, 2025 11:08

Петропавлда тұрғын үй және әлеуметтік құрылыс қарқынды түрде жалғасып, қала тұрғындарының өмір сүру жағдайын жақсартуға мүмкіндік бермек. 2025 жылдың соңына дейін Заречный кентінің тұрғындарын Жас Өркен және Орталық шағын аудандарындағы жаңа, заманауи үйлерге көшіру аяқталады, деп хабарлайды QZ News.

Қала әкімі Серік Мұхамедиев халықпен есептік кездесуінде мәлімдегендей, Заречныйдан көшірілетін тұрғындарға арналған үйлерді «Зерттеу» ЖШС мен «Альфа-Север» ЖШС сияқты сенімді компаниялар салып жатыр. Бұл кент тұрғындарының заманауи әрі жайлы пәтерлерге қоныстануына мүмкіндік береді.

«Қала бойынша жаңа тұрғын үйлердің құрылысы жүріп жатыр. Қазіргі уақытта 17 алаңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылы Петропавлда тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары — 209,6 мың шаршы метр. Оның ішінде 7 бюджет есебінен, 10 коммерциялық үй. Құрылыс Қопай, Береке, Жас Өркен, Орман және Орталық шағын аудандарында жүргізілуде», — деді қала әкімі.

Тұрғын үйден бөлек, қала әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға да ерекше назар аударуда. Жас Өркен шағын ауданында «Основание» ЖШС 280 орындық балабақша құрылысын жүргізіп жатыр. Ол 2025 жылдың желтоқсан айының соңында пайдалануға беріледі. Бұл мектепке дейінгі ұйымдардағы орын тапшылығын азайтып, бар балабақшалардың жүктемесін жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Жыл соңына дейін Жас Өркен шағын ауданында жүзу бассейні мен ойын залы бар жаңа мұз аренасы ашылады деп жоспарланған. Сонымен қатар, Береке шағын ауданында Президент тапсырмасы аясындағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 600 орындық жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Бұл облыстағы осы үлгідегі екінші мектеп болмақ.

Shares