Петропавл медициналық колледжі қабылдау ережелерін өзгертті: Кәсіптік емтихандар енгізілді, құжат тапсыру мерзімі қысқарды

Ж. Тілеулин атындағы Солтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжінің қабылдау комиссиясы жұмысын жалғастыруда. Алайда биыл қабылдау ережелеріне бірқатар өзгерістер енгізілді. Енді талапкерлер міндетті психометриялық тестілеуден бөлек, кәсіптік пәннен де емтихан тапсырады, деп хабарлайды QZ News.
«Емдеу ісі» мен «Мейірбике ісі» мамандықтарына түсетіндер биология пәнінен тест тапсырады, ал «Зертханалық диагностика» мамандығын таңдағандар үшін химия пәні міндетті болып табылады. Емтихандар тестілеу форматында өтеді. Аталған мамандықтарға мемлекеттік гранттар қарастырылған. Қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Наталья Быченконың айтуынша, колледж келесі мамандықтар бойынша құжат қабылдауда:
- «Мейірбике ісі»: мемлекеттік және орыс тілдерінде оқытылады, негізгі орта және жалпы орта білім базасында (грант және ақылы бөлімдер).
- «Емдеу ісі»: орыс тілінде оқытылады, негізгі орта және жалпы орта білім базасында (грант және ақылы бөлімдер).
- «Зертханалық диагностика»: жалпы орта білім негізінде, орыс тілінде оқытылады, тек грант негізінде қабылданады.
- «Фармация»: тек 11 сынып негізінде және тек орыс тілінде оқытылады.

Биыл грант негізіндегі оқуға құжат қабылдау мерзімі 10 тамызға дейін қысқартылды. Барлығы 150 грант бөлінген.
Колледж жаңа оқу жылына белсенді дайындық жүргізіп жатыр. Биыл 350-ден астам студент алты түрлі мамандық бойынша оқуын аяқтады.

Қазіргі уақытта 150-ден астам талапкерден өтініш түскен. Талапкерге биология және химия пәндерінен дайындалуға көмектесу мақсатында 21 шілдеден 1 тамызға дейін дайындық курстары мен кеңестер ұйымдастырылады. Ал негізгі тестілеу тамыз айының ортасына жоспарланған.
