Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавл мұғалімдері «Dronecraft» курсында дрон басқаруды тегін үйренеді

Петропавл мұғалімдері «Dronecraft» курсында дрон басқаруды тегін үйренеді

14-16 мамыр күндері Петропавл қаласындағы креативті орталық базасында информатика, робототехника және STEM пәндерінің мұғалімдеріне арналған «Dronecraft» атты тегін оқыту курсы өтуде, деп хабарлайды QZ News.

Курсты ұйымдастырушылар — өңірлік IT-хаб SKO Hub пен «Geoskan Kazakhstan» компаниясы. Жоба мұғалімдердің ұшқышсыз ұшу аппараттары (ҰҰА) саласындағы цифрлық құзыреттіліктерін арттыруға және білім беру процесіне заманауи технологияларды енгізуге бағытталған. Курста қала мектептері мен университетінен 20 оқытушы білім алуда.

Үш күн бойы екі сағаттан өтетін сабақтарда қатысушылар дрондар әлеміне терең үңіліп, олардың құрылымын, жұмыс істеу қағидаттарын меңгереді, сондай-ақ дрондарды басқару мен бағдарламалау бойынша құнды тәжірибелік дағдыларға ие болады. Сабақ барысында дрондарды білім беру процесінде, әсіресе оқушылардың жобалық қызметінде пайдалану мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылады.

«Қазақстанда дрондар бар және бұл сала қарқынды дамып келеді. Бірақ ол әлі кең таралған жоқ. Әсіресе, білім беру саласында дрондар қатысатын жобалар өте аз. Біз осы олқылықтың орнын толтыруды шештік. Сол себепті біз мұғалімдерге басымдық беріп отырмыз. Олар біздің курстар арқылы біліктілігін арттырып қана қоймай, дрондарды қолдану арқылы сабақтарын қызықты ете алады. Біздің білім беру дрондар желісі арнайы оқу үдерісіне бейімделген. Бұл дрондар арқылы балаларды тек бағдарламалауға немесе 3D модельдеуге ғана емес, сонымен қатар шығармашылықпен ойлауға шабыттандыруға болады», – деді «Geoscan Pioner» білім беру жобасының жетекшісі Снежана Губайдулина.

Курстың маңызды бағыттарының бірі – дрондарды қауіпсіз әрі этикалық пайдалану және ҰҰА көмегімен STEM-пәндерді оқытудың әдістемесі болмақ.

Shares