Петропавл оқушыларына ХҚКО-да экскурсия ұйымдастырылды

Балаларды қорғаудың халықаралық күні қарсаңында Петропавл қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталығында мектеп оқушыларына арналған интерактивті экскурсия өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен «Қазақстан балалары» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды QZ News.
Балаларды қарсы алған «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Еркін Жұмабай жылы лебізін білдірді.
«Бүгінгі оқушылар — ертеңгі мамандар. Біз балаларға цифрлық мамандықтардың қаншалықты қызықты, сұранысқа ие және елдің дамуы үшін маңызды екенін көрсеткіміз келеді. Мүмкін, болашақта біреулеріңіз осы салада қызмет ететін боларсыздар», – деді ол, балалардың цифрлық құралдар мен заманауи технологиялармен ерте танысуының маңыздылығын атап өтіп.
Одан кейін оқушылар үшін ХҚКО бойынша экскурсия ұйымдастырылды. Онда олар орталықтың қалай жұмыс істейтінін және азаматтарға қандай қызметтер көрсетілетінін тәжірибе жүзінде көрді.

Іс-шара аясында цифрлық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды – балаларға интернеттегі қауіпсіз мінез-құлық, жеке деректерді қорғау және цифрлық этика туралы білім беруге бағытталған тақырыптық викторина өткізілді.
