Петропавл тұрғынын дәмхана маңында төбелес шығарған үшін ірі көлемде айыппұлдан бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза күтіп тұр

42 жастағы Петропавл тұрғынын қаладағы дәмханалардың бірінің маңындағы төбелестен кейін ірі көлемде айыппұлдан бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза күтіп тұр. Дәмханаға келушілер арасындағы жанжал түнгі сағат 02:45 шамасында болды, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
СҚО ПД мәліметінше, дәмханаға келушілер сыртқа шығып ауызша жанжалдасып оның соңы физикалық күш қолданумен аяқталып, салдарынан екі ер адам жарақат алған.
«Полиция дереу жетіп, төбелесті тоқтатты. Бүгінде жанжалға қатысушылардың бірі бұзақылық жасады деген күдікпен ұсталды. Оның айтуынша, төбелес болған жоқ, бірақ бейнебақылау камераларында жанжал болған дәлелдер бар. Оқиғаның толық көрінісін тергеу анықтайды», – деді полицияның баспасөз қызметі.
Тәртіп сақшылары бұзақылық үшін 2 мың АЕК айыппұлдан 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы, егер іс-әрекет адамдар тобында, алдын ала сөз байласу бойынша немесе ауырлататын өзге де мән-жайлармен жасалса, жаза 6 жылға дейін, қарумен – 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылатынын ескертеді.
