Петропавлда 30 шақырымнан астам су құбыры мен кәріз желісі жаңартылады

Петропавлда коммуналдық инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту жұмыстары басталды. «Қызылжар су» ЖШС Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында сегіз жобаны жүзеге асыруда. Жалпы ұзындығы 30 шақырымнан асатын магистральдық су құбырлары мен негізгі кәріз коллекторларын жаңарту жоспарланған, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
«Қызылжар су» кәсіпорны әлеуметтік желідегі парақшасында алғашқы болып Павлов көшесі – айналма жол бағытындағы диаметрі 900 миллиметр болатын су құбырын қайта жаңғырту жобасы іске қосылғанын хабарлады. Ұзындығы 4,6 шақырым болатын бұл учаске Рижская көшесіндегі камерадан су тазарту құрылыстарына дейін созылып жатыр.
Қазір құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде мамандар жаңа құбырдың шамамен 1,5 шақырымын төсеп үлгерді. Жұмыстар бірден екі учаскеде ұйымдастырылып, бекітілген кестеге сәйкес атқарылуда.
Қалған жобалар да іске асыру кезеңіне өтті. Мердігер ұйымдар анықталып, жобалау және іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Жоспарға алты инженерлік, бір технологиялық және бір цифрлық жоба енгізілген. Олардың барлығы қаланың коммуналдық инфрақұрылымын жаңартып, оның тиімділігін арттыруға бағытталған.
Инфрақұрылымды жаңғырту қажеттілігі, ең алдымен, қолданыстағы желілердің тозу деңгейінің жоғары болуына байланысты. 2026 жылдың басындағы жағдай бойынша кәсіпорынның сумен жабдықтау саласындағы негізгі құралдарының тозу деңгейі 56,7 пайызды құраса, су бұру жүйесінде бұл көрсеткіш 60,8 пайызға жеткен.
2026 жылы жоспарланған жобаларды іске асыру нәтижесінде сумен жабдықтау жүйелерінің тозу деңгейін 54,2 пайызға, ал су бұру жүйелеріндегі тозуды 60,1 пайызға дейін төмендету көзделіп отыр. 2027 жылы жоспарланған жұмыстар аяқталғаннан кейін бұл көрсеткіштер тиісінше 51,2 және 59,1 пайызға дейін төмендеуі тиіс.
Ұзақ мерзімді перспективада кәсіпорын инфрақұрылымды жаңарту жұмыстарын жалғастыруды жоспарлап отыр. 2029 жылға қарай сумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейін 49,8 пайыздан, ал су бұру желілерінің тозуын 58,2 пайыздан төмендету көзделген.
