Петропавлда айналма арна құрылысы аяқталуға жақын
October 28, 2025 10:31

Петропавл қаласында Заречный кентінде биылғы жылдың басында басталған айналма арна құрылысы аяқталу кезеңіне таяп қалды. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады, деп жазады QZ NEWS.
Әкімнің айтуынша, ұзындығы 4,8 шақырым болатын бұл арна өзінің тиімділігін 2025 жылғы көктемгі су тасқыны кезінде-ақ дәлелдеген.

«Бүгінде үш су өткізу нысанының құрылысы аяқталуға жақын. Оның екеуі — бау-бақша массивтеріне кедергісіз өтуге мүмкіндік берсе, үшіншісі — электр жеткізу желісін күтіп-ұстауға арналған. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде су бұру жүйесі қалпына келтіріліп, жер үсті суларының жиналу қаупі жойылады», — деп жазды облыс әкімі.
Сонымен қатар қыркүйек айында «Жемчужная весна» бау-бақша серіктестігінің тұрғындары облыс әкіміне жеке қабылдау кезінде жолдарды жақсарту жөнінде өтініш білдірген болатын. Қазіргі таңда қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, ал оларды 10 қарашаға дейін толық аяқтау жоспарланған.
