Петропавлда аулаларды абаттандыру жұмыстары жүргізілуде

Жаңа ойын алаңдары мен сапалы жабындысы бар жайлы аулалар – бұл көптеген петропавлдықтар үшін арман емес, шынайы өмір. Биыл қаладағы 10 шағынауданда абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы Петропавл қалалық мәслихатының сессиясында қала әкімі Серік Мұхамедиев мәлімдеді, деп хабарлайды QZ NEWS.
«Биыл «ONE SERVICE» ЖШС-мен жасалған 1 млрд 46 млн теңгелік келісім аясында қаладағы 10 шағынауданда абаттандыру жұмыстары басталды. Оның ішінде 6 шағынаудан немесе 18 аулада (Қизатов көшесі 2А, 6А, 4, 2; Әуезов көшесі 167, Чайковский көшесі 13, 15, Алматы көшесі 28; Әуезов көшесі 182, Чайковский көшесі 5, 7, 9; Астана көшесі 36; Батыр Баян көшесі 3 және Интернационал көшесі 98; Сәтпаев көшесі 38, 40, 42А) тақтайшалар мен асфальт төселіп, футбол алаңы, тартан жамылғысы және кіші архитектуралық формалар орнатылды. Бірқатар нысандар қазір аяқталу сатысында», – деді облыс орталығының әкімі.
Сондай-ақ «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 143 млн теңгеге 4 аулада осындай жұмыстар атқарылды – Жамбыл өткелі 1А, Назарбаев көшесі 183, Парковая көшесі 126, Алтынсарин көшесі 339.
