Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлда экологиялық талаптарды бұзған тасымалдаушылар жауапқа тартылды

Петропавлда экологиялық талаптарды бұзған тасымалдаушылар жауапқа тартылды

July 23, 2025 18:09

Петропавл қаласында полицейлер мен эколог мамандар қоғамдық көліктердің шығаратын түтін мөлшерінің рұқсат етілген нормадан асып кетуін анықтауға бағытталған бірлескен рейдтерін жалғастыруда. Негізгі назар дизель отынымен жүретін автобустарға аударылып отыр, деп хабарлайды QZ NEWS.

Рейдтік топтар қала ішіндегі бағыттардың соңғы аялдамаларында арнайы құрылғылар арқылы түтін деңгейін өлшейді. Құқық бұзушылық анықталған жағдайда, тәртіп сақшылары автобус иелеріне қатысты әкімшілік хаттама толтырады.

«Бұл жұмыстар 21 шілдеде басталған республикалық “Тасымалдаушы” жедел-алдын алу іс-шарасы аясында жүргізілуде. Оның мақсаты – жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін арттыру, жол қозғалысына қатысушылардың тәртібін күшейту және жол-көлік оқиғаларының алдын алу.

Тек бір күн ішінде жүргізілген тексеріс нәтижесінде экологиялық талаптарға сай келмейтін автобустарды маршрутқа шығарғаны үшін екі жауапты тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Түтін мөлшерін тексеруден бөлек, жол қозғалысы ережелерінің сақталуына да ерекше назар аударылуда», – деп хабарлайды полиция өкілдері.

Shares