Петропавлда есірткі «ораушысы» 7 жылға бас бостандығынан айырылды

2025 жылдың қаңтар айында интернет арқылы «жеңіл табыс» табу туралы ұсынысқа келіскен 32 жастағы петропавлдықтың қылмыстық «мансабы» бір айға да жетпеді, деп хабарлайды QZ NEWS.
СҚО ПД мәліметінше, ер адам кураторының басшылығымен ірі көлемдегі тыйым салынған заттарды тауып, оларды есірткіге тәуелді адамдарға сатуға арналған зип-пакеттерге бөліп отырған. Қылмыскерге «қауіпсіз» деген уәде берілгенімен, ол көп ұзамай құқық қорғау органдарының назарына ілікті. Ақпан айында Петропавлдың шетінде ұсталды.

Жалдамалы пәтерден жедел уәкілдер 200 грамнан астам мефедрон мен α-PvP есірткі заттарын тәркілеген. Бұдан бөлек, полицейлер «ораушы» дайындаған жасырын орыннан тағы 0,5 келіден астам синтетикалық есірткі тапқан. Бұл – жыл басынан бері СҚО-да тәркіленген ең ірі синтетикалық есірткі партияларының бірі болды.
«Тергеу амалдарының нәтижесінде сот айыпталушыны аса ірі көлемде есірткі сатқані үшін жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Ағымдағы жылдың тоғыз айында СҚО тәртіп сақшылары заңсыз айналымнан 771 келі түрлі есірткі затын тәркіледі, оның 4 келі 574 грамын синтетикалық заттар құрады», – делінген хабарламада.
