Петропавлда көпқабатты үйлердің 44%-ы жылу қабылдауға дайын

Петропавл алдағы жылыту маусымына белсенді дайындалуда. Қазірдің өзінде орталықтандырылған жылыту жүйесіне мектептер, ауруханалар, мәдениет және спорт нысандарын қоса алғанда 166 әлеуметтік нысан қосылды. Барлық нысандарда жуу, қысыммен сынау және ұсақ жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл туралы Петропавл қалалық мәслихатының сессиясында қала әкімі Серік Мұхамедиев мәлімдеді, деп хабарлайды QZ NEWS.
Тұрғын үй қоры бойынша 20 тамызға дейін 517 көпқабатты тұрғын үй техникалық тұрғыда жылу қабылдауға дайын, бұл жалпы санның 44%-ын құрайды. Оның ішінде 17 МКД дайындық паспортын алды, қалған үйлер бойынша құжаттарды рәсімдеу әлі жалғасуда.
«Жылу және электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттыру үшін Петропавлда алты ірі инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылуда. «Набережный» тұрғын массивінің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымында жылу магистралі қайта жаңғыртылуда. Мердігер – «Раза Строй» ЖШС. Жобаның құны – 980,7 млн теңге, игерілгені – 54,1 млн теңге. Құбырларды дәнекерлеу және материалдарды дайындау жұмыстары аяқталды. Жабаев–Шәжімбаев–Жаңа–Алтынсарин көшелері бойындағы жылу магистралінің құрылысы – мердігер «ТАШ Строй» ЖШС. Жобаның құны – 5,7 млрд теңге, 2025 жылға 1,1 млрд теңге бөлінген. Қазірдің өзінде 1300 метр құбыр жеткізіліп, дәнекерлеу және жер қазу жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында қала орталығының әкімшілік бөлігі, медициналық және білім беру мекемелерін қоса алғанда 200-ден астам нысан сенімді жылумен қамтылады», – деді қала басшысы.
Сонымен қатар, Промышленная көшесінен Жуков көшесіне дейінгі жылу магистралінің құрылысы жүргізілуде. Бұл жоба 2026 жылы аяқталып, АЭА аумағын және көпсалалы аурухананы жылумен қамтамасыз етеді. «Копай» шағынауданында да магистральдық желілерді дамыту жүріп жатыр. Мұнда су және жылу жүйелерін тарту жұмыстары басталған, аяқталуы 2026 жылға жоспарланған.
