Петропавлда көшелерді сапасыз тазалаған екі мердігер әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Облыс орталығының әкімі брифингте қаланың арнайы қызметтерінің қыс мезгілінедайындығы туралы айтты. Серік Мұхамедиев жауын-шашынның аздығына қарамастан, арнайы техника күн сайын маршруттарға шығатынын атап өтті, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
«Қала көшелерін тазартуға 90 техника жұмылдырылды, қажет болған жағдайда олардың саны артады. Қажетті арнайы құрал-жабдықтар бар. Сондай-ақ 3,2 мың текше метр құм-тұз қоспасы дайындалды. Әрине, тазалық сапасына тұрғындар тарапынан да, бізден де шағым түсіп жатыр. Әлеуметтік желілерді қадағалап, азаматтардың наразылығын оқимын. Осыған байланысты Петропавл қаласының ЖПК жұмысын нашар орындаған мердігерлерді жауапкершілікке тартуды тапсырдым. Қазірдің өзінде екеуі әкімшілік жауапкершілікке тартылды», — деді Серік Мұхамедиев.