Петропавлда полицей зейнеткерді алаяқтардан құтқарып қалды

Петропавлдағы сауда үйлерінің бірінде арнайы жедел әрекет ету жасағының (СОБР) қызметкері банкомат жанындағы күдікті әрекетті байқап, алаяқтықтың алдын алды. Оның қырағылығы 63 жастағы зейнеткерді жинаған қаражатынан айырылудан сақтап қалды, деп хабарлайды QZ NEWS.
Полицей телефонмен сөйлесіп тұрып, терминал арқылы ақша аударып жатқан абыржыған қарияны байқап қалады. Жағдайдың күмән тудырғанын байқаған ол дереу жанына барып, мән-жайды сұрайды.
Анықталғандай, зейнеткерге өзін қазақстандық банк қызметкері ретінде таныстырған бейтаныс адамдар қоңырау шалған. Олар оның атына алаяқтық жолмен несие рәсімделіп жатқанын айтып, ақшаны «қауіпсіз есепшотқа» аударуға сендірген.
Полицей бірден «102» арнасына хабар беріп, зейнеткерге банк қосымшасын тексеруді ұсынған. Тексеру нәтижесінде оның атына ешқандай несие рәсімделмегені белгілі болды. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы келіп, жәбірленушімен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Полицейдің жедел әрі батыл әрекетінің арқасында алаяқтықтың жолы кесілді.
Құқық қорғау органдары ескертеді: банк қызметкерлері немесе полицейлер ешқашан ақша аударуды немесе құпия деректерді сұрамайды. Күдік тудырған жағдайда бірден ресми банк байланыс арналарына немесе 102 нөміріне хабарласыңыз. Сақ болыңыз – алаяқтарға алданып қалмаңыз!
