Петропавлда ҚР ТЖМ кубогының жеңімпаздары марапатталды

Петропавлдағы «Қарасай» стадионында ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің VIII кубогының салтанатты жабылу рәсімі өтті. Ерлер мен әйелдер арасындағы өрт-құтқару спорты бойынша турнирде үздіктер марапатталды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Республикалық жарыстар Петропавлда 4–7 қыркүйек аралығында өтті. Қатысушылар төрт сайыста бақ сынады: 100 метрлік кедергілер жолағын еңсеру, шабуыл сатысымен көтерілу, өрт сөндіру эстафетасы және жауынгерлік қанат жаю.

Спортшыларды «Қазақстан өрт сөндірушілер мен құтқарушылар спорт федерациясы» ҚБ атқарушы директоры Дәурен Данаев құттықтады.
«ҚР ТЖМ кубогы сияқты ірі турнирдің аяқталуымен сіздерді құттықтаймын. Мұнда ең мықтылардың мықтылары – Қазақстанның барлық облыстарынан келген 20 команда сынға түсті. Жылымыз сәтті аяқталды – ұлттық құрамаға спортшылар іріктелді. Олар ел намысын, ТЖМ беделін қорғауға аттанады», – деді Дәурен Данаев.

СҚО ТЖД мәліметінше, биылғы жылдың күзіне қарай Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасы Сауд Арабиясында өтетін Әлем чемпионатына жол тартады. Жарыс 26 қазаннан 1 қарашаға дейін жалғасады.
Сондай-ақ жалпыкомандалық есепте үздіктер анықталды. Әйелдер арасында жеңімпаздар мен жүлдегерлер Астана, Алматы және Шымкент қалаларының спортшылары болса, ерлер арасында Маңғыстау облысы, Батыс Қазақстан облысы және Астана қаласының өкілдері үздік шықты. Әр командаға бағалы сыйлықтар, медальдар және кубоктар табысталды.
