Петропавлда құрылыс компаниялары мен мәдениет қызметкерлері сенбілікке қатысты

Петропавлда өткен жалпықалалық сенбілікке қала тұрғындары, бизнес өкілдері мен мемлекеттік органдар белсенді түрде атсалысты. Облыс орталығының көшелерінде, аулаларында, саябақтар мен гүлзарларда тазалық жұмыстары жүргізіліп, аумақтар абаттандырылып, жаңа ағаштар отырғызылды, деп хабарлайды QZ NEWS.
Экоакцияның мақсаты – қаланы қыс маусымына дайындау. Мәселен, Ж.Жабаев көшесіндегі «Көктөбе» сауда үйінің маңындағы скверде тазалық жұмыстары жүргізілді. Мұнда облыстың 10 құрылыс компаниясының өкілдері өз үлестерін қосты.

«Сонымен қатар басқа мердігер ұйымдардың өкілдері қаладағы тағы екі скверде жұмыстар атқарды. Барлығы 50-ге жуық алма, қайың және шырша көшеттері отырғызылды», – деді қала әкімдігіне қарасты құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Қанат Темешев.
«Құрылыс Сервис СК» компаниясының өкілдері де сенбілікке тұрақты қатысатынын айтты.

«Бүгін біздің компаниядан 10 адам келді. Өзімізбен бірге күрек, тырма, қоқыс қаптары, сыпырғыш пен қолғап алып шықтық — сенбілікке қажеттінің бәрі бар. 10 шырша көшетін алып келдік. Мұндай экологиялық акцияларға үнемі қатысып тұрамыз», – деді компания өкілдері.
Сенбілік Qyzyljar creative center аумағында да белсенді өтті. Мәдениет саласының өкілдері сквер аумағындағы жапырақтар мен қоқысты жинап, тазалық орнатты.

