Петропавлда сот алғаш рет жаза ретінде қоғамдық жұмыстарды тағайындады

Петропавл қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты алғаш рет жаңа әкімшілік жаза шарасын – қоғамдық жұмыстарды қолданды. Бұл 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енген Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгерістердің арқасында мүмкін болды, деп хабарлайды QZ NEWS.
8 қыркүйекте сот азамат К.-ның ісін қарады. Ол отбасылық-тұрмыстық салада құқыққа қарсы әрекет жасағаны үшін (ӘҚБтК-нің 73-бабының 1-бөлігі) кінәлі деп танылды. Сот қаулысымен оған 20 сағат қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындалды.
Бұдан бөлек, полицияның өтініші бойынша құқық бұзушыға 6 ай бойы алкогольдік ішімдіктерді тұтынуға тыйым салатын ерекше талаптар қойылды.
Сот қаулысы дереу заңды күшіне еніп, орындау үшін Петропавл қаласының әкімдігіне жолданды. Сотта атап өтілгендей, қоғамдық жұмыстарды қолдану тек құқық қолдану тәжірибесін дамытуға ғана емес, сондай-ақ қайталанатын құқық бұзушылықтарды тиімді алдын алуға да қызмет етеді.
