Петропавлда сот мемлекеттік органды қаза тапқан қызметкердің отбасына 34 млн теңге төлеуге міндеттеді

Петропавл қаласының №2 соты салық қызметінің қаза тапқан қызметкерінің отбасының пайдасына шешім шығарып, мемлекеттік органды 34,8 млн теңге көлемінде біржолғы жәрдемақы төлеуге міндеттеді, деп хабарлайды QZ NEWS.
Оқиға қызметкердің қайғылы қазасынан кейін орын алған. Үш кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеп отырған марқұмның жұбайы мемлекеттен біржолғы жәрдемақы сұрап жүгінген, алайда «қаржыландырудың болмауына» байланысты оған бас тартылған. Әйел сотқа шағым түсіріп, жұбайының соңғы жылғы барлық табысына сүйене отырып есептелген 58 млн теңгеден астам өтемақы талап етті.
«Петропавл қаласының №2 соты істің материалдарын қарап, қаза тапқан қызметкердің отбасына біржолғы жәрдемақы төлеу құқығы заңнамада бекітілгенін анықтады. ҚР «Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Заңының 20-бабы, 5-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, салық органдары лауазымды тұлғасының қызметтік міндетін атқару кезінде қаза табуы жағдайында оның отбасына немесе асырауындағыларға соңғы атқарған лауазымы бойынша он жылдық ақшалай қамту мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді. Төлем бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады», – делінген хабарламада.
Құқық аналогиясын қолдана отырып, сот марқұмның арнайы шені болмағандықтан, есептеу оның лауазымдық жалақысы негізінде жүргізілуі тиіс деп шешті. Нәтижесінде талап ішінара қанағаттандырылып, мемлекеттік орган отбасына 34,8 млн теңге төлеуге міндеттелді.
Сот шешімі заңды күшіне енді.
