Петропавлда «Волонтёр ханым және мырза – 2025» анықталды

Петропавлда Qyzyljar Creative Center базасында өңірдің ең белсенді әрі жанашыр волонтёрлерін біріктірген «Волонтёр ханым жәнее мырза – 2025» байқауының қорытындысы креативті, әсерлі әрі жарқын түрде өтті. Байқаудың финалына 15 қатысушы шықты, деп хабарлайды QZ NEWS.
Ұйымдастырушысы – «Штаб JE SKO» қоғамдық бірлестігі. Бірлестік төрайымы Даяна Баймұқанованың айтуынша, байқау екінші жыл қатарынан өткізіліп отыр және үш кезеңнен тұрады: өтінім толтыру, волонтёрлік қызметті растайтын фото, бейнематериалдар мен грамоталарды жіберу, сондай-ақ әлеуметтік өзекті мәселелерді шешу бойынша жоба түрінде идеялар ұсыну. Барлығы шамамен 50 өтінім келіп түскен.

«Жаңа оқу жылының басында біз бұл шараны өткізіп, жастарға оқуды волонтёрлікпен ұштастыруға болатынын көрсеткіміз келеді. Негізгі мақсатымыз – адамдарға волонтёрлік дегеннің не екенін түсіндіру. Сонымен бірге жастарымызды қайырымды істерге ынталандырып, бейжай болмауға шақырамыз», – деді Даяна Баймұқанова.
Ақтық сынға қатысушылар өздері жайлы әсерлі бейнероликтер, мазмұнды презентациялар, өлеңдер мен волонтёрлікке келу жолдары жайында баяндады. Қазылар алқасы қатысушыларға сұрақтар қойып, оларды игі іске жетелейтін себептерін тыңдады. Байқау шығармашылық қойылымдармен аяқталды – әндер, билер, театрландырылған миниатюралар мен поэтикалық оқылымдар көрерменге шабыт сыйлады.

Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар:
Волонтёр ханым– 2025 – Дариға Смайылова
Волонтёр мырза – 2025 – Тілеген Абзалхан
І және ІІ Вице- Волонтёр ханым- 2025 – Дария Аманкелді, Арина Гвоздицкая
І және ІІ Вице- Волонтёр мырза – 2025 – Әли Аманбаев, Асанәлі Таласбай

Жеңімпаздарға тәждер мен 100 000, 70 000 және 50 000 теңгелік ақшалай сертификаттар табысталды. Бағдарламаның бөлек бөлімі ретінде «Үздік күміс волонтёр» байқауының жеңімпаздары марапатталды.
«Біздің «Үздік күміс волонтёр» байқауымыздың жеңімпазы – Геннадий Языков. Бұл – нағыз үлгі. Ол жасына қарамастан, барлығына көмектесіп жүр. Меніңше, бұл жастарға үлкен шабыт сыйлайды», – деді Даяна Баймұқанова.

