Петропавлдағы студенттік қалашықта студенттер мен оқытушылар сенбілік өткізді

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің 70-тен астам студенті мен оқытушысы «Таза бейсенбі» экологиялық акциясына қатысты. Олар жастар ресурстық орталығы және «AMANAT» партиясының белсенділерімен бірге студенттік қалашық аумағын тазалады, деп хабарлайды QZ NEWS.
Бар-жоғы бір сағат ішінде шамамен 70 келі қоқыс жиналды. «AMANAT» партиясы «Болашақ» филиалының атқарушы хатшысы Александр Зельдің айтуынша, студенттік қалашық – университеттің бетке ұстар орны.

– Күзде мұнда тазалықты сақтау өте маңызды, өйткені түскен жапырақтар мен қоқыс тез жиналады. Бүгін ортақ іске үлес қосқан студенттер мен оқытушыларға алғыс білдіреміз, – деді ол.
Студенттердің айтуынша, мұндай шаралар қаланы таза ұстауға ғана емес, сонымен қатар бірлікті нығайтуға және экологияға саналы көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді.

– Біз бұл аумақта жиі жүреміз, оны таза күйінде көру жағымды әсер қалдырады. Өзің тазалыққа қатысқанда, табиғатқа деген көзқарасың өзгереді, оны қорғауға тырысасың, – деп бөлісті Kozybaev University студенті Аяжан Сейітқасым.

«Таза бейсенбі» акциясы өткен жылдың маусым айынан бастап «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясында апта сайын өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде қатысушылар өңір бойынша шамамен 150 тонна қоқыс жинап, жағалау аймақтарын, саябақтар мен басқа да қоғамдық орындарды тазалады.
