Петропавлдағы ЖЭО-2 бу турбиналарының машинисі Михаил Фраш қалаға үздіксіз жылу мен жарық беруді қалай қамтамасыз ететінін айтты

Петропавл ЖЭО-2 бу турбиналарының машинисі Михаил Фраш сын сәттерде сабыр сақтап, нұсқаулықтарды қатаң орындауды біледі. Өз жұмысында ол ең басты қағида ретінде сабырлылық пен салқынқанды болуды ұстанады. Дәл осындай ұстаным апаттардың алдын алып, қалаға үздіксіз жылу мен электр қуатын жеткізуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды QZ NEWS.
«Севказэнерго» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, Михаил 2015 жылдан бастап, колледжді тәмамдаған соң, бірден ЖЭО-2-де еңбек жолын бастаған.
«Колледжде оқып жүргенде Петропавл ЖЭО-2 стансасына барып, кейін маған осы жерден жұмыс ұсынды. Сол сәттен бастап менің еңбек жолым энергетика саласымен тығыз байланысты болып келеді», – дейді ол.
Бүгінде Михаил кәсіпорынның «жүрегі» саналатын турбиналық жабдықты іске қосу, тоқтату және техникалық қызмет көрсетумен айналысады. Бұл жұмыс жоғары дәлдік пен зейінділікті талап етеді. Сондықтан оның кәсіби ұстанымы айқын: «Мен үшін ең бастысы – өз міндетімді мінсіз орындау, ескертусіз жұмыс істеу».
Михаилдың пікірінше, энергетика саласындағы жетістік тек ұжымдық үйлесімді еңбек арқылы ғана мүмкін. Сол себепті ол әрдайым жас мамандарға қолдау көрсетіп, тәжірибесімен бөлісуден тартынбайды.
«Жас мамандарға айтарым – мұндай кәсіпорындардан қорықпау керек. Үйренуге, тәжірибелі әріптестердің кеңесіне құлақ асып, үнемі тәжірибе жинауға тырысу маңызды», – дейді Михаил Фраш.
Маманның еңбекке деген адалдығы мен жоғары жауапкершілігі ескерусіз қалмады: Михаил Фраш кәсіби жетістіктері үшін «Орталық Азия Электр энергиясы компаниясы» АҚ Құрмет грамотасымен марапатталған. Ал бос уақытында Михаил – спортқа әуес, футбол ойнап, түрлі спорттық жарыстарда кәсіпорын намысын қорғап жүр.
