Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлдық 22 жастағы Әделия Хұсайын The Voice Қазақстан жобасында өз даусымен қазылар алқасын тәнті етті

Петропавлдық 22 жастағы Әделия Хұсайын The Voice Қазақстан жобасында өз даусымен қазылар алқасын тәнті етті

October 13, 2025 11:34

Петропавл қаласынан шыққан, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті 22 жастағы Әделия Хұсайын әйгілі The Voice Қазақстан жобасына қатысып жатыр. 12 қазан, жексенбі күні ол жобаның «көрмей тыңдау» кезеңінде өнер көрсетті. Бұл кезеңде тәлімгерлер қатысушыларды тек дауыс пен эмоциясына сүйеніп таңдайды, деп хабарлайды QZ NEWS.

Қыздың әкесі Арслан Хусаиновтың айтуынша, Әделия бесінші сыныптан бастап музыкамен айналысады. Ол Петропавл қаласындағы «Жас дарын» өнер мектебін тәмамдаған.

«Кейін Ермек Серкебаев атындағы колледжге түсті, қазір Алматыдағы Т. Жүргенов атындағы академияда оқиды. Қазір белсенді түрде музыкамен айналысып, вокалдан сабақ береді», – деді Арслан Хусаинов.

Әделия Хұсайын алдымен The Voice Қазақстан жобасының іріктеу кезеңінен өтті. 12 қазанда ол «көрмей тыңдау» сахнасында M. Jackson, S. G. McLaughlin және I. B. Scott авторлы «River» әнін орындады. Вокалдық шеберлігімен бағындырған Әделияға тәлімгер таңдау мүмкіндігі берілді, ол Байғали Ермекұлы Серкебаевтың командасын таңдады.

«Кеше бүкіл отбасымызбен бірге көрдік, әжесі де келіп, қатты уайымдады. Эмоция кернеп кетті, әрине, қызымыз үшін үлкен мақтаныш пен толқу сезімін бастан өткердік», – деп бөлісті әкесі.

Жоба аясында әлі үш эфир – ширек финал, жартылай финал және финал өтеді. Барлық кезеңдер «Хабар» телеарнасында тікелей эфирде көрсетіледі.

Әделия Хұсайынға байқауда сәттілік пен шығармашылық табыс тілейміз!

Shares