Қазақстан ІІМ алаяқтардың ең көп қолданатын 10 сөз тіркесін атады

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі телефон алаяқтары азаматтарды алдау үшін жиі қолданатын сөздерді жариялады, деп хабарлайды QZ NEWS ведомствоға сілтеме жасап.
ІІМ құрастырған тізім бойынша, қоңырау түскен сәтте кез келген адамды сақтыққа шақыратын 10 сөз тіркесі:
- «Ақшаңызды сақтау үшін оларды ағымдағы шотқа аударыңыз немесе депозиттен шешіп, басқа шотқа салыңыз».
- «Сізбен тергеуші / ІІМ қызметкері / ҰҚК қызметкері (аты-жөні) сөйлесіп тұр. Телефон тұтқасын қоймаңыз!».
- «Бұл қоңырау туралы ешкімге айтпаңыз — құпия операция жүргізілуде!».
- «құпия сөзді өзгертуге өтінім түсті».
- «Мен ұялы байланыс операторларының қауіпсіздік қызметінің қызметкерімін. Қазір сізге код келеді — оны хабарлауыңызды сұраймын!».
- «Депозиттегі қаражатты банктің “қорғалған” шотына аудару қажет».
- «Бұл ұлттық қауіпсіздік қызметкері. Қай банктерде шотыңыз немесе несиелеріңіз бар екенін хабарлауыңызды сұраймыз. Осыған байланысты карталар мен депозиттердің деректерін дереу бұғаттау үшін беру қажет».
- «Туысыңызға қиындық туды (ЖКО, полиция, аурухана). Шұғыл ақша аударыңыз!».
- «Сіз жүлде / өтемақы ұттыңыз! Оны алу үшін мемлекеттік бажды (салықты, жеткізуді) төлеңіз».
- «Шотыңыздан жаңа ғана ақша шешіп алмақ болды. Операцияны тоқтату үшін SMS-тен келген кодты айтыңыз».
Полиция алаяқтардың басты мақсаты — сіздің жеке деректеріңізге, кейін қаржыңызға қол жеткізу екенін ескертеді. Олар сізді:
- телефонға қашықтан басқару бағдарламаларын (AnyDesk, TeamViewer және т.б.) орнатуға;
- ақшаны өзіңіз «қорғалған» немесе «уақытша» шотқа аударуға;
- SMS-кодтарды, PIN-кодтарды, банк карталарының деректерін айтуға көндіруге тырысады.
Құқық қорғау органдары азаматтарды сақ болуға шақырады. Есте сақтаңыз: нағыз полиция, банк немесе оператор қызметкерлері телефон арқылы ешқашан ақша, құпия сөз немесе код сұрамайды.
Егер сізге осындай қоңырау келсе, дереу тұтқаны қойыңыз. Күмән туындаса, ресми банкке немесе полицияға өзіңіз білетін нөмір арқылы қайта қоңырау шалыңыз.
