Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Қазақстан мен Қытай Kozybayev University-де ғылыми аграрлық орталық құрады

Қазақстан мен Қытай Kozybayev University-де ғылыми аграрлық орталық құрады

September 3, 2025 09:32

Қазақстан мен Қытай ғылым және білім саласындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Мемлекеттік кеңесінің бірінші вице-премьері, ҚКП ОК Саяси бюросы Тұрақты комитетінің мүшесі Дин Сюэсян қатысқан қазақ-қытай іскерлік кеңесі аясында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті базасында Қытай корпорациясымен бірлесіп Ғылыми аграрлық орталық құру туралы өзара түсіністік меморандумына қол қойылды, деп хабарлайды QZ NEWS.

Университеттің баспасөз қызметінің мәліметінше, құжатқа М.Қозыбаев атындағы СҚУ ректоры Ербол Исакаев пен Қытайдың «Айцзю» корпорациясының директоры Цзя Цзин қол қойды. Салтанатты рәсімге ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысып, жобаның ұлттық білім мен ғылым жүйесін дамытудағы маңызын атап өтті.

«Айцзю» корпорациясы – Қытайдағы дәнді дақылдарды қайта өңдеу саласындағы жетекші компаниялардың бірі әрі «Бір белдеу, бір жол» жобасының белсенді қатысушысы. Компания Қазақстанмен бірлесіп жұмыс істеуде тәжірибеге ие, атап айтқанда Солтүстік Қазақстан облысында «Тайынша Май» ЖШС өндірісін іске қосқан.

Жаңа орталық мына бағыттарда платформа болмақ:

  • ғылыми зерттеулер мен селекциялық бағдарламалар жүргізу;
  • майлы дақылдарды (рапс, зығыр, күнбағыс) өңдеу саласы бойынша мамандар даярлау;
  • озық агротехнологияларды өндіріске енгізу;
  • инновациялық әзірлемелерді коммерцияландыру және оларды экспортқа шығару.

Орталықтың құрылуы Қазақстанның солтүстік өңірінде агросектордың дамуына серпін беріп, инвестиция тартуға және аграрлық саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді. Сондай-ақ ол Kozybayev University, «Айцзю» корпорациясы және Қытайдың Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университеті арасындағы ынтымақтастықты нығайтпақ.

Shares