Қазақстан Президенті әлем чемпионы Наталья Богданованы «Құрмет» орденімен марапаттады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бокс бойынша Әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне қатысты, деп хабарлайды QZ NEWS.
Мемлекет басшысы Қазақстан ұлттық құрамасын Әлем чемпионатындағы тамаша жеңісімен құттықтап, бұл оқиғаның еліміз үшін тарихи сәт әрі халық үшін зор қуаныш екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, World Boxing аясында өткен тұңғыш әлем чемпионатындағы жетістік – ұлттық құраманың бірлескен еңбегінің жемісі. Боксшылар, жаттықтырушылар, менеджерлер, спорт дәрігерлері мен басшылар жұмылып, бүгінгі жетістіктерге жетті.

«Сондықтан жүлделі орын алған спортшылармен қатар, осы маңызды жеңіске үлес қосқан әрбір жанды құрметтеуіміз қажет. Бокстағы жоғары бәсекелестікті және оның дамуындағы жаңа үрдістерді ескере отырып, ұлттық құраманы дайындау үшін кәсіби мамандарды тарту және озық инновациялық шешімдерді белсенді енгізу қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы Ливерпульде өткен (World Boxing) ерлер мен әйелдер арасындағы Әлем чемпионатында жоғары спорттық нәтижелерге қол жеткізген бірқатар спортшы мен жаттықтырушыны марапаттады. Кештің ең жарқын сәттерінің бірі – Солтүстік Қазақстан облысының өкілі, әлем чемпионы Наталья Богданованы марапаттау болды. Президент оған финалда жеңіске жеткені және Қазақстанның командалық есепте бірінші орын алуына үлес қосқаны үшін «Құрмет» орденін табыстады.
