«Қызылжар» ФК өскемендік «Алтайға» есе жіберді

Петропавлдағы «Қарасай» стадионында «Қызылжар» футбол клубы Қазақстан Премьер-Лигасының оныншы туры аясында өскемендік «Алтайға» қарсы матч өткізді, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Кездесуге астаналық төреші Саят Қарабаев бастаған төрешілер алқасы қызмет көрсетті.
Ойынның алғашқы минуттарынан алаң иелері белсендірек қимылдап, бастаманы өз қолына алуға тырысты. Алайда «Алтайдың» қорғанысы ұйымдасқан түрде ойнап, қауіпті сәттердің туындауына мүмкіндік берген жоқ. Өз кезегінде қонақтар қорғанысқа көбірек көңіл бөліп, сирек қарсы шабуылдарға сенім артты.
Матчтағы негізгі оқиғалар ойын соңына қарай өрбіді. 84-минутта қонақтардың қорғаушысы Самюэль Одеоибо өз командасының санаулы мүмкіндіктерінің бірін сәтті пайдаланып, есеп ашты. «Алтай» минималды басымдықты сақтап қалады деген сәтте, қосымша уақытта «Қызылжар» ойынды қайта жандандырды. 92-минутта Стефан Баокен дәл соққымен есепті теңестірді — 1:1.
Алайда матчтың шешуші сәті әлі алда еді. Араға бір минут салып жартылай қорғаушы Досжан Кенжеғұлов қонақтарды қайта алға шығарып, кездесудің қорытынды есебін белгіледі — 2:1 «Алтайдың» пайдасына.
Ұзақ уақыт бойы голсыз өткен матч қосымша уақытта нағыз драмаға айналып, қонақтардың жеңісімен аяқталды — 1:2.
Өскемендік клуб үшін бұл жеңіс биылғы маусымдағы алғашқы жеңіс болды. Команда сегіз ұпай жинап, турнирлік кестедегі қауіпті аймақтан шыға алды. Ал «Қызылжар» жеңілістен кейін 11 ұпаймен турнир кестесінің ортасында қалды.
Голдар: Одеоибо, 84 (0:1), Баокен, 90+2 (1:1), Кенжеғұлов, 90+3 (1:2).
