Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің СҚО-ға гастрольдік туры басталды

«Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің СҚО-ға гастрольдік туры басталды

October 15, 2025 14:29

15–20 қазан аралығында Солтүстік Қазақстан облысында ҚР Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблінің кең ауқымды гастрольдік туры өтуде. Іс-шара «Би керуені» хореографиялық форумы аясында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Турдың алғашқы күні Петропавл қаласында өтті, деп хабарлайды QZ NEWS.

70 жылдық тарихы бар «Салтанат» ансамблі ұлттық хореографиялық мұраны сақтауда және әлемдік би өнерін насихаттауда ерекше орынға ие. Гастрольдік тур облыстың бес ауданын қамтиды, онда гала-концерттер ұйымдастырылады.

Тур аясында ансамбль өкілдері шеберлік сабағын өткізді. Қатысушылар қазақ би өнерінің әлеміне еніп, екі бағыт бойынша тәжірибелік сабақтарға қатысты: «Халықтық-сахналық би» және «Қазіргі қазақ биі». Сабақ барысында қатысушылар дәстүрлі бидің сахнаға бейімделген негізгі қимылдары мен стилін, сондай-ақ ұлттық элементтерге негізделген заманауи хореографиялық формаларды талдады.

«Шеберлік сабағын мәдениет саласының жетекші өкілдері — ансамбльдің бас балетмейстері Ақмарал Ильясова, балетмейстер Талғат Ахметов және көркемдік жетекші Қуанышбек Төлеген өткізді. Мақсат — өңірлік ұжымдар мен елорда арасындағы шығармашылық байланысты нығайту, сонымен қатар кәсіби сахналық тәжірибемен бөлісу», — деді ансамбльдің көркемдік жетекшісі Қуанышбек Төлеген.

Кешке облыстық филармонияда гала-концерт өтеді. Көрермендерді әлем халықтарының мәдениетін танытатын әсерлі би сапары күтіп тұр. Концертте орыс, ұйғыр, болгар, татар, корей, қытай, өзбек, моңғол және басқа да халықтардың билері ұсынылады.

Бағдарламаны «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, күйші Танат Саденовтың және әнші Жайна Тарғынованың орындауындағы қазақ әндері мен күйлері түрлендіреді. Сондай-ақ министрліктің қолдауымен құрылған, Серік Зақария жетекшілік ететін жаңа фольклорлық ансамбль де өнер көрсетеді.

«Би керуені» гастрольдік турының келесі күндері:

16 қазан, 19:00 – Бескөл ауылында

17 қазан, 19:00 – Явленкада

18 қазан, 12:00 – Саумалкөлде

19 қазан, 19:00 – Булаев ауылының Мәдениет үйінде өтеді.

Shares