Сирек әрі күрделі операция: Петропавлда Кохер әдісімен лапаротомия МӘМС жүйесі арқылы жасалды

Петропавлдағы Көпсалалы қалалық ауруханада міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында жоғары технологиялық күрделі хирургиялық операция сәтті өткізілді, деп хабарлайды QZ NEWS.
Дәрігер-хирургтер Кохер әдісімен лапаротомия жасап, кейін өт қабын алып тастау (холецистэктомия), өт жолдарын ашу (холедохотомия), тексеру және дренаж орнату жұмыстарын жүргізді. Кохер әдісімен лапаротомия – өт-тас ауруының ауыр түрлерінде жасалатын ең күрделі операциялардың бірі. Оның мақсаты – асқынуларды жою, өт жолдарының өткізгіштігін қалпына келтіру және ең бастысы – бауырдың өмірлік маңызды қызметін сақтау.
Аурухана мамандарының айтуынша, мұндай операциялардың әр кезеңі дәлдікті, жоғары біліктілікті және үлкен тәжірибені талап етеді, себебі ең ұсақ қателіктің өзі ем нәтижесіне елеулі әсер етуі мүмкін.
«Мұндай хирургиялық араласулар науқастарға өт-тас ауруының ауыр салдарларынан сақтануға, өт жолдарының қабынуын алдын алуға және бауыр саулығын қорғауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Петропавл қалалық көпсалалы ауруханасының өкілдері.
Айта кету керек, осындай жоғары технологиялық әрі күрделі операциялар Қазақстан азаматтарына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі арқылы тегін көрсетіледі.
