СКО-да автокөлік ұрлаған күдікті бейнекамералардың көмегімен ізін суытпай ұсталды

Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер құқықбұзушылықтарды тіркеу жүйесінің көмегімен автокөлік ұрлығын жедел ашты, деп хабарлайды QZ NEWS.
Есіл аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне Покровка ауылының тұрғыны арызданған. Ол өзінің Lada Priora маркалы автокөлігінің ұрланғанын хабарлаған. Көлік жоғалғаннан көп ұзамай әйелдің телефонына жылдамдықты асырғаны туралы хабарлама келген. Жол ережесін бұзу таңғы сағат 05:00 шамасында Покров көпірінде орнатылған «Мегакам.Қорғау» кешені арқылы тіркелген.
Бейнебақылау камерасының жазбасы арқылы полицейлер ұрланған көліктің қозғалыс бағытын дереу анықтаған. Бірден «Қақпан» жедел жоспары жарияланып, көрші аудандық бөлімшелерге бағыттама жіберілген.
— Көлік Жамбыл ауданы аумағындағы Приишимка – Архангелка тас жолында тоқтатылды. Рөлде Покровка ауылының 32 жастағы тұрғыны отырған. Оның мас күйде болғаны анықталды. Ер адам Есіл аудандық полиция бөлімінің тергеу-жедел тобына тапсырылды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, — делінген СҚО ПД хабарламасында.
Полицейлердің айтуынша, күдіктіні уақытылы ұстау — трассада болуы мүмкін ауыр жол-көлік оқиғасының алдын алуға мүмкіндік берді.
