СҚО-да Әйелдер ісі жөніндегі Ұлттық комиссия жұмыс істеуде: делегация жастардың репродуктивті денсаулығын талқылады

Солтүстік Қазақстан облысында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшелерінің жұмыс сапары өтіп жатыр, деп хабарлайды QZ NEWS.
Сапар аясында делегация бірқатар әлеуметтік және медициналық мекемелерге, соның ішінде №1 Қалалық емханаға барды. Мұнда жасөспірімдер мен жастардың репродуктивті денсаулығы, сондай-ақ ерте жүктіліктің алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар Петропавлда «Күш біріктіре отырып — жасөспірімдер мен жастардың репродуктивті денсаулығын сақтаймыз» тақырыбында семинар өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, ҮЕҰ мүшелері, өңірлік комиссия мүшелері мен денсаулық сақтау және білім беру саласының мамандары қатысты.

Жиында жас ұрпақтың денсаулығын қорғаудағы ведомствоаралық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері мен болашағы талқыланды.

Сапардың басты мақсаты — әріптестік байланыстарды нығайту, отбасы және гендерлік саясатты іске асыру тәжірибесімен алмасу, сондай-ақ аналарды және балаларды қолдау жөніндегі бастамаларды дамыту болып табылады.
