СҚО-да мыңдаған гектар «иесіз» орман анықталды: Президент ЖИ көмегімен жерді бақылауды күшейтуді тапсырд

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекетке қайтару тақырыбына тоқталып, олардың тиімді айналымға енгізілуі тиіс екенін баса айтты. Ол әсіресе жасанды интеллектті қолданатын спутниктік мониторингті қоса алғанда, цифрлық технологияларға ерекше назар аударды, деп хабарлайды QZ NEWS.
«Жалпы алғанда 2022 жылдан бері 13,5 миллион гектардан астам ауыл шаруашылығы жері қайтарылды. Алайда қайтарылған жердің тек 6 миллион гектары ғана әкімдіктер арқылы жаңа жер пайдаланушыларға қайта бөлінген. Бұрын пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерлері өндіріс, инвестиция мен жұмыспен қамтудың орталығына айналуы тиіс екені анық. Сондықтан әкімдіктердің міндеті – 2026 жылдың ортасына дейін қайтарылған барлық ауыл шаруашылығы жерін тұрақты айналымға енгізу. Бұл шара жайылым тапшылығы мәселесін шешуге де мүмкіндік береді», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол жер қатынастары саласында теріс пайдалану мен бюрократияны түбегейлі жою үшін ауыл шаруашылығы жерлерін беру тетігін түбегейлі өзгерту қажет екенін атап өтті. Жерді бөлу туралы шешімдер электрондық конкурстар негізінде цифрлық форматта қабылдануы тиіс. Үкімет жыл соңына дейін заңнамаға тиісті өзгерістер енгізуді ұсынуы қажет.
«Бұл салада цифрлық технологияларды кеңінен қолдану өте маңызды. Қазірдің өзінде космомониторинг пен геоаналитика пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтауға және оларды айналымға қайтаруға көмектесіп отыр. Енді бұдан да әрі жылжуымыз керек. Жасанды интеллектті қолдана отырып, ауыл шаруашылығы жерлерінің сапасы, өнімділігі, жағдайы мен ауыл шаруашылығы дақылдарының бөлінісіне терең талдау жасайтын спутниктік мониторингтің тиімділігін арттыру қажет. Айтпақшы, бұл орман шаруашылығына да қатысты. СҚО-да 9 мың гектар иесіз орман анықталды», — деді Президент.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасын жасап, оны кадастр деректерімен, жер қойнауын пайдалануға және инфрақұрылымға қатысты мәліметтермен интеграциялау қажеттігін атап өтті.
