СҚО-да үш күн ішінде 17 заңсыз такси жүргізушісі анықталды

21–23 шілде аралығында Солтүстік Қазақстан облысында «Тасымалдаушы» атты жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілді. Оның мақсаты – өңір жолдарындағы жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін арттырып, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, деп хабарлайды QZ NEWS.
Шара барысында полицейлердің басты назарында заңсыз такси қызметін көрсететін жүргізушілер болды. Олар жолаушылардың өмірі мен денсаулығына ешқандай жауапкершілік алмайды. Үш күн ішінде тәртіп сақшылары 17 заңсыз такси жүргізушісін анықтады.
Рейдтер кезінде тек рұқсат құжаттары мен қызметтің тіркелуі ғана емес, сонымен қатар көлік құралдарының техникалық жағдайы мен жүргізушілердің жол ережелерін сақтау тәртібі де тексерілді. Қоғамдық көліктерді тексеру заңсыз қайта жабдықталған көліктерді пайдалануға тыйым салу мен жүргізушілердің еңбек және демалыс режимінің бұзылуын болдырмауға бағытталды. Себебі мұндай бұзушылықтар жолаушылар үшін үлкен қауіп төндіреді.
Сонымен қатар, жол қозғалысы ережелерінің өрескел бұзылуын анықтауға да ерекше көңіл бөлінді. Олардың қатарына:
- мас күйінде көлік жүргізу,
- жылдамдықты асыру,
- маневр жасау ережелерін бұзу,
- қауіпсіздік белдігін тақпау,
- балаларды арналған арнайы құрылғысыз тасымалдау,
Алдын алу шарасы аясында барлығы 496 түрлі құқық бұзушылық анықталды. Олардың ішінде:
- 41 жүргізуші көлік жүргізу құқығынсыз рөлге отырған;
- 7 жүргізуші бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған күйде көлік басқарған;
- 11 адам мас күйінде көлік жүргізген.
