СҚО-ның Новоишимское ауылындағы агрокәсіпорын аумағындағы астық кептіргіште шыққан өртті сөндіруге өрт сөндіру пойызы тартылды
April 23, 2026 12:45

Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Новоишимское ауылында бір ЖШС аумағындағы астық кептіргіш ғимаратында өрт шықты, деп хабарлайды QZ NEWS.
СҚО ТЖД мәліметінше, өрттің көрші ғимараттарға таралу қаупі жоқ. Жағдай бақылауда, өртті сөндіру жұмыстары жалғасуда.
«Өртті жоюға ТЖД күштері мен құралдары, “Ауыл құтқарушылары” өрт сөндіру бекеті, сондай-ақ “Қазақстан темір жолы” АҚ Ақмола өртке қарсы қызмет жасағының өрт сөндіру пойызы тартылды», – делінген СҚО ТЖД хабарламасында.
Жұмыс барысында көбік беру оқпандары қолданылып, суды үздіксіз жеткізу ұйымдастырылды. Оқиға орнында өрт сөндіру штабы құрылып, командалық-штабтық көлік арқылы тұрақты байланыс қамтамасыз етілді.
Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.
