СҚО-ның жас энергетиктері «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ салалық форумына қатысты

«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ кәсіпорындар тобының қызметкерлері «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ ұйымдастырған алғашқы Жастар энергетикалық форумына қатысты. Іс-шара энергетика саласының жас мамандарын біріктіріп, кәсіби қарым-қатынас орнатуға, тәжірибе алмасуға және командалық дағдыларды дамытуға арналған алаңға айналды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
«Севказэнерго» баспасөз қызметінің мәліметінше, форум бағдарламасына тренингтер, шағын дөңгелек үстелдер және шақырылған спикерлермен кездесулер кірді. Қатысушылар кәсіби білімдерін толықтырып қана қоймай, командалық жұмыс жасап, жұмыс барысындағы мәселелерді талқылауға және энергетика саласындағы басқа кәсіпорындардың әріптестерімен танысуға мүмкіндік алды.
Форумның негізгі іс- шараларының бірі – «ЦАЭК» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Оралмен өткен ашық кездесу болды. Жас мамандар басшыға өздерін қызықтырған сұрақтарды тікелей қойып, энергетика саласының даму перспективаларын талқылады.
«Мұндай кездесулер жаңа білім алуға ғана емес, әріптестердің пікірін тыңдап, өз тәжірибеңмен бөлісуге мүмкіндік береді. Жас мамандар үшін олардың бастамалары мен идеяларының қажет екенін түсіну аса маңызды», – деді форум қатысушыларының бірі.
Ұйымдастырушылар корпоративтік құндылықтар мен мәдениетке де ерекше назар аударды. Қатысушылар бастама көтеру, жауапкершілікті өз мойнына алу және кәсіпорын өміріне белсендірек араласу мәселелерін талқылады.
«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ кәсіпорындар тобының жас қызметкерлері үшін форум кәсіби байланыстар аясын кеңейтіп, алдағы жұмыста қажет болатын практикалық дағдыларды меңгеруге мүмкіндік берді.
