СҚО оқушыларына жарық шағылыстырғыш элементтер тағу міндеттелуі мүмкін

Солтүстік Қазақстан облысының полициясы балалардың қараңғы уақытта жолдағы қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіріп, оқушыларға жарық шағылыстырғыш элементтер (фликерлер) тағуды міндеттейтін пилоттық жоба іске қосылды, деп хабарлайды QZ NEWS.
Жоба Петропавл қаласындағы С. Садуақасұлы атындағы №2 мектепте басталды. Онда полицейлер мектеп басшылығымен және ата-аналар комитетімен кездесу өткізді. Бастама СҚО полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжановтың жеке тәжірибесінен кейін туындаған. Оның бастауыш сыныпта оқитын ұлы жол жүру ережелерін жақсы білсе де, қараңғы уақытта көлік жүргізушілері баланы байқамай, қатты жылдамдықпен жүргендіктен, әкесінен келіп, жолдан өткізіп жіберуін сұраған.
Осы оқиғадан кейін Әлжанов өз балаларына фликерлер сатып алып, ата-аналар арасында бұл қарапайым әрі қолжетімді қауіпсіздік құралын қолдануды насихаттайтын пилоттық жобаны ұсынған.

«№2 мектеп бұл жобаны іске қосу алаңы ретінде таңдалды, себебі мұнда жол жүру ережелерін үйрету бағдарламасы тиімді жүзеге асырылып келеді. Кездесу барысында полицейлер ата-аналарға фликерлердің тиімділігін бейнематериалдар мен екі оқушының қатысуымен өткен тәжірибелік көрсетілім арқылы дәлелдеді», – делінген СҚО полиция департаментінің хабарламасында.
Мектептің ата-аналар комитеті мен қамқоршылық кеңесі бастаманы бірауыздан қолдап, өзге ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге келісті. Сондай-ақ, СҚО полиция департаменті мен мектеп әкімшілігі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Жоспар бойынша, жарық шағылыстырғыш элементтерді 1–8 сынып оқушыларына тағу міндетті болады. Егер пилоттық жоба оң нәтиже берсе, оны облыстың барлық мектептерінде енгізу мәселесі қаралады.
