СҚО полиция департаментінің қызметкерлері Сұлтанмахмұт Торайғыровтың мұрасымен танысты

Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаментінде көрнекті қазақ ақыны, жазушысы және ағартушысы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың (1893–1920) туған күніне арналған әдеби кеш өтті, деп хабарлайды QZ NEWS.
Іс-шара барысында тәртіп сақшылары XX ғасырдың басындағы қазақ халқының қиын тағдырын, елдің оянуы мен білімге ұмтылысын жырлаған ақынның өмірбаянымен және шығармашылығымен тереңірек танысты.

Полицейлер ақынның өлеңдерін нақышына келтіре оқыды. Ақпараттық саясат бөлімінің қызметкері Виктория Вьюшкина Торайғыровтың «Шәкірт ойы» атты өлеңін мәнерлеп оқып, ақынның халқына деген асыл мұратын жеткізді. Ал Тимирязев аудандық полиция бөлімінің аға тергеушісі Алтын Абдрахманова бейнеконференция арқылы «Байлық» атты өлеңін оқып, тыңдармандардың ыстық ықыласына бөленді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар құқық қорғау органдары қызметкерлеріне халқымыздың тарихи тағдыры мен мәдени мұрасына деген жауапкершілікті терең сезінуге мүмкіндік береді. Іс-шара соңында барлық қатысушыларға алғыс хаттар табысталды.
