СҚО полициясы жыл басынан бері 800 келі есірткі тәркіледі және 10 есірткі зертханасын жойды

Биылғы жылдың 9 айында Солтүстік Қазақстан облысында есірткі қылмыстарын анықтау көрсеткіші артқан: өткен жылдың осы кезеңінде 187 дерек тіркелсе, биыл – 214 факт. Оның ішінде 100-ден астамы – есірткі сату, 8 – аса ірі көлемде сақтау, 7 – контрабанда және 4 – есірткіні насихаттау фактілері. Бұл туралы СҚО полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Асқар Мұхамбетқалиев мәлімдеді, деп хабарлайды QZ NEWS.
«10 фитонаркозертхана жойылды, шамамен 800 келі есірткі заты тәркіленді. Оның ішінде 5 келіге жуық синтетикалық есірткі, 700 келіден астам марихуана бар. Сондай-ақ СҚО аумағына есірткі жеткізудің 7 арнасы анықталды. Мысалы, 7 сәуір күні қалаға кіреберісте 26 жастағы астаналық жүргізуші тізгіндеген “Daewoo Nexia” автокөлігі тоқтатылып, одан жарты келі синтетикалық есірткі табылды. Сот оны 7 жылға бас бостандығынан айырды», – деді Асқар Мұхамбетқалиев.

Мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдерімен бірлесіп, жастарды есірткіге әуестенуден қорғау бағытында алдын алу жұмыстары белсенді жүргізілуде. 40 мыңнан астам жас 700-ден астам ақпараттық, спорттық және шығармашылық іс-шараларға қатысты.
