Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » СҚО жедел жәрдем бригадасы чемпионатта алтын медаль жеңіп алды

СҚО жедел жәрдем бригадасы чемпионатта алтын медаль жеңіп алды

September 2, 2026 10:00

Іс-қимылдың үйлесімділігі, шешім қабылдаудағы дәлдік және ең күрделі жағдайларда сабыр сақтай білу Солтүстік Қазақстан облысы командасының жедел медициналық жәрдем бригадалары арасындағы республикалық чемпионаттағы жетістігінің басты кепілі болды. Байқау 27-29 тамыз аралығында Тараз қаласында өтіп, оған 27 команда қатысты. Олардың бесеуі шетелдік командалар болды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Чемпионатта СҚО атынан облыстық жедел медициналық жәрдем орталығының директоры Юрий Белоног, оның орынбасары Владимир Жужгов, дәрігер Нұрдәулет Мадешов және фельдшерлер Ерболат Абдуллаев пен Батырхан Әлжанов өнер көрсетті. Медицина мамандары жоғары деңгейдегі дайындықтарын көрсетіп қана қоймай, клиникалық станциялардың бірінде үздік нәтиже көрсетті.

Солтүстікқазақстандықтар ересектерге кеңейтілген жүрек-өкпе реанимациясын жүргізу – ACLS сынағында ерекше көзге түсті. Бұл кезеңде команда ең жоғары – 100 ұпай жинады.

«Бұл станцияда тек білімімізді ғана емес, төтенше жағдайда бүкіл команданың қаншалықты үйлесімді әрекет ететінін де көрсетуіміз керек болды. Тапсырманы ең жоғары ұпаймен орындадық. Әрине, жарыс басталар алдында қобалжу болды, эмоция да жоғары болды. Бірақ біртіндеп жұмыс ырғағына еніп, тапсырманы орындауға толықтай көңіл бөлесің», – деді облыстық жедел медициналық жәрдем орталығының фельдшері Батырхан Әлжанов.

Чемпионат қатысушылары сегіз клиникалық станциядан өтті. Олардың қатарында ересектер мен балалардың жүрегі тоқтаған кездегі алғашқы медициналық көмек көрсету, политравма кезіндегі іс-қимыл, зардап шеккендерді медициналық сұрыптау, ЭКГ-ны түсіндіру, сондай-ақ теориялық тестілеу кезеңдері болды. Әр сынақ жедел әрекет ету мен шешім қабылдаудағы дәлдікті талап етті. Өйткені жедел жәрдем қызметіндегі нақты жағдайда дұрыс қабылданған шешім көбіне адамның өміріне тікелей әсер етеді.

Облыстық жедел медициналық жәрдем орталығының дәрігері Нұрдәулет Мадешовтың айтуынша, әр станция мамандар үшін үлкен сынақ болған.

«Тапсырмалар әртүрлі болды. Әр кезеңде барынша зейін қоюды қажет ететін жағдайлар кездесті. Мұнда біздің дайындығымыздың маңызы зор болды. Орталықта қызметкерлердің біліктілігін арттыруға тұрақты түрде көңіл бөлінеді. Сондықтан біз теориялық білімге ғана емес, практикалық тәжірибеге де сүйене алдық. Әсіресе ересектерге реанимация жүргізу тапсырмасын орындау кезінде бұл көп көмектесті», – деді медицина маманы.

Жалпы командалық есепте СҚО құрамасы бесінші орынға ие болды. Ал ересектерге кеңейтілген жүрек-өкпе реанимациясын жүргізу станциясында жеңіске жетуі облыстық жедел медициналық жәрдем орталығы мамандарының кәсіби даярлығы жоғары деңгейде екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

 

Shares