«Сырымбет» кен орнына инфрақұрылым салу кезінде 380 млн теңге жымқырылды: СҚО-да ҚМА тергеу жүргізіп жатыр

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті Айыртау ауданындағы инфрақұрылым нысандарын салу кезінде бюджет қаражатының ірі көлемде жымқырылуына қатысты тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
ҚР ҚМА баспасөз қызметінің мәліметінше, 2017 жылы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын іске асыру аясында «Сырымбет» кен орнына кірме теміржол жолын, алаңішілік жол желісін және инженерлік желілерді салу үшін «Akcent KZ» ЖШС-мен келісімшарт жасасқан.
Мердігер «Сырымбет» қалайы кен орнына кірме теміржол жолын, алаңішілік жол желісін салып, инженерлік желілерді жүргізуі тиіс болған. Кен орны Орталық Азиядағы ең ірі қалайы кен орындарының бірі ретінде ел үшін стратегиялық маңызға ие.
«Мемлекеттік сатып алу келісімшартының жалпы құны 1,4 млрд теңгені құрады. Бастапқыда құрылысты 2018 жылы аяқтау жоспарланған. Алайда жобаны іске асыру мерзімі бірнеше рет ұзартылды. Соған қарамастан, нысан құрылысы осы уақытқа дейін аяқталған жоқ. Нәтижесінде іс жүзінде орындалмаған жұмыстардың құны 380 млн теңгені құрады», – делінген хабарламада.
Қылмыстық іс бойынша мердігер компанияның басшысы мен СҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бұрынғы басшысы күдікті ретінде тергеліп жатыр. Сот санкциясымен іс бойынша фигуранттарға тиесілі үш пәтер мен бір автотұрақ орнына тыйым салынды.
Тергеу амалдары жалғасып жатыр.
