«Темекімен күйдіріп, аяқтарын сүйгізген»: екі әйел 16 жастағы қызға зорлық-зомбылық көрсетті деген күдікке ілінді

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Алматы облысында екі әйелдің кәмелетке толмаған қызды ұрлап кеткені туралы ақпарат тарады. Жасөспірімнің азаптауға, сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылыққа және бопсалауға ұшырағаны хабарланды, деп жеткізеді QZ NEWS Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Әлеуметтік желілердегі мәліметтерге сүйенсек, әйелдердің бірі ауылдық округ әкімдігі аппаратының қызметкері болуы мүмкін. Олар 16 жастағы қызды алдап, үйінен шығарып, күштеп алып кеткен.
«Әйелдер қызды ұрып-соғып, темекімен күйдірген, өзенге батырып азаптаған, сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық жасаған, қолы мен аяғын сүйгізген. Мұның бәрін видеоға түсірген. Кейін бұл бейнематериалдарды таратпау үшін үш миллион теңге талап еткен», – делінген хабарламада.
Алматы облыстық полиция департаменті бұл деректі растады және күдіктілердің ұсталғанын, қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
«Полиция кәмелетке толмағанға дене жарақатын салу және сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері бойынша қылмыстық іс қозғады. Екі күдікті әйел ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деді ведомство өкілдері.
Сондай-ақ департамент қазіргі уақытта қылмыстық іске қатысы бар тұлғалардың жеке деректерінің полициядан сыртқа таралуы мүмкіндігіне байланысты тексеріс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
